«Қазақтелеком» АҚ абонентінің дербес шотын пайдаланбай мобильді нөмірге тіркелген аккаунты бар пайдаланушылар үшін TV+ қызметін көрсетуге арналған жария шарт
«Қазақтелеком» АҚ абонентінің дербес шотын пайдаланбай мобильді нөмірге тіркелген аккаунты бар пайдаланушылар үшін TV+ қызметін көрсетуге арналған жария шарт Осы TV+ телевизиялық хабар тарату қызметін көрсету туралы жария шарт (бұдан әрі – Келісім) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және архивтер комитеті 2012 жылғы 22 қарашада берген №12016823 телерадиоарналарды тарату қызметін жүзеге асыру лицензиясының негізінде әрекет ететін «ALACAST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Оператор), оның атынан және мүддесі үшін сенім білдірілген өкілі – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Агент) арқылы, осы Келісімге қосылған тұлғаға (бұдан әрі – Пайдаланушы) телевизиялық хабар тарату қызметін көрсету тәртібі мен талаптарын реттейді. Осы Келісім бойынша Пайдаланушы мен Оператор бірлесіп «Тараптар», ал әрқайсысы жеке-жеке «Тарап» деп аталады.
1.ТЕРМИНДЕР ЖӘНЕ АНЫҚТАМАЛАР
Автоматты ұзарту – Сервистің белгілі бір қызметіне немесе Сынақ кезеңіне қол жеткізу мерзімі аяқталғаннан кейін, осы Сервистің белгілі бір қызметіне немесе Сынақ кезеңіне келесі мерзімге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін ақшалай қаражаттың автоматты түрде есептен шығарылуы. Автоматты ұзарту Сервистің белгілі бір қызметіне немесе Сынақ кезеңіне алғашқы рет қол жеткізу рәсімделген кезде автоматты түрде қосылады. Сервистің белгілі бір қызметіне қол жеткізудің келесі мерзімі алдыңғы қол жеткізу мерзіміне немесе Пайдаланушы жаңадан таңдаған қол жеткізу мерзіміне тең болады.
Авторизация – Пайдаланушының SMS-хабарламада алынған кодты енгізу арқылы Сервиске қол жеткізу процесі.
Акцепт – Пайдаланушының Сервисте тіркелуі, сондай-ақ Пайдаланушының Сервисті алғаш пайдалануы және оны кейіннен пайдалануы.
Контент – лицензиарлармен жасалған шарттардың талаптарына сәйкес пайдалану құқықтары Операторға тиесілі аудиовизуалды туындылар. Оларға қол жеткізу Пайдаланушыларға Сервистің функционалы арқылы Тарифтік жоспарды және/немесе Қосымша жазылымды ресімдеу кезінде ұсынылады. Күмән туындамауы үшін трейлерлер Контент ұғымына кірмейді. Тарифтік жоспарды және/немесе Қосымша жазылымды ресімдемеген Пайдаланушыларға кейбір сериалдардың алғашқы бөлімдері қолжетімді болуы мүмкін. Контент құрамына Бейнеконтент, ТВ-арналар, сондай-ақ Қосымша жазылымның Контенті кіреді.
Бейнеконтент – авторлық құқық объектілері болып табылатын аудиовизуалды туындылар (фильмдер), сондай-ақ фильмдер туралы қысқаша мәтіндік немесе аудиовизуалды сипаттаманы не фильм сюжетінің мазмұнын қамтитын ақпараттық материалдар (оның ішінде трейлерлер, постерлер, кадрлар). Оларға қол жеткізу Оператордың VOD қызметіне қол жеткізу қызметтерін ұйымдастыруы арқылы қамтамасыз етіледі.
SVOD (Subscription Video-on-Demand – «жазылым бойынша сұраныс арқылы бейне ұсыну») – Пайдаланушыға VOD-кинотеатрдың Бейнеконтент каталогына аумақ шегінде және Пайдаланушының таңдауы бойынша кез келген уақытта мерзімдік абоненттік төлемді төлеу арқылы қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Video on Demand (VoD) – сұраныс бойынша бейне көрсету қызметі, Сервистің қосымша қызметтерінің бірі.
Ай – Сервистің белгілі бір қызметіне қол жеткізу үшін төлем жасалған күннен бастап есептелетін, ұзақтығы күнтізбелік отыз күнді құрайтын уақыт кезеңі.
Тарифтік жоспар – Оператордың Келісімде сипатталған талаптарға сәйкес белгілі бір уақыт кезеңіне белгіленген ақыға Пайдаланушыға қызметтер жиынтығына және/немесе Контентке қол жеткізу құқығын ұсынуы. Тарифтік жоспар Оператор айқындаған
қолжетімді ТВ-арналардың және Бейнеконтенттің тізбесін, сондай-ақ Сервис қызметінің құнын және оны ұсыну мерзімдерін қамтиды.
Қосымша жазылым – Пайдаланушыға белгілі бір Тарифтік жоспардың құрамына кірмейтін ТВ-арналар мен Бейнеконтентті қарау үшін Сервиске белгілі бір ақыға және/немесе белгілі бір талаптармен, белгілі бір уақыт кезеңіне, Келісімнің талаптарына сәйкес және Аумақ шегінде қол жеткізу құқығының берілуі.
Сынақ кезеңі – Сервиске тегін сынақ қолжетімділігі. Сынақ кезеңінің ұзақтығын Оператор айқындайды.
Пайдаланушы – Интернет желісі арқылы Сервиске қол жеткізетін және оны пайдаланатын, сондай-ақ осы Келісімнің акцептін жасаған жеке тұлға.
Сервис – Агентке тиесілі «TV+ KAZAKHTELECOM» және «TV+» тауар белгілерімен ұсынылатын, Платформа арқылы Пайдаланушыларға көрсетілетін Оператордың онлайн-телевидение қызметі. Сервис Пайдаланушыларға Контентке қол жеткізу және оны коммерциялық емес мақсатта көру құқығын, оның ішінде фильмдер мен сериалдардың бейнекаталогтарына жазылым (SVOD) бойынша қол жеткізу мүмкіндігін, сондай-ақ ТВ-арналардың телебағдарламаларын жазба түрінде көруді (Catch Up) және ТВ-арналар мен Бейнеконтентті қарау кезінде іздеу және басқарудың техникалық функцияларын (тоқтату, кідірту, жедел кері немесе алға айналдыру) пайдалануды қамтамасыз етеді. Сервиске қол жеткізу Аумақ шегінде Интернет желісі арқылы жүзеге асырылады.
Желі – тиесілігіне қарамастан Интернет желісі немесе Оператордың жабық желісі, сондай-ақ Оператор өз қызметін жүзеге асыру үшін пайдаланатын үшінші тұлғалардың желілері, оның ішінде мобильді және интернет арқылы тарату желілері.
Аумақ – Қазақстан Республикасының аумағы.
ТВ-арналар – Сервисте Авторизациядан өткен және Тарифтік жоспарды рәсімдеген кезде қолжетімді болатын телевизиялық арналар (телеарналар).
Есептік жазба (Профиль) – Пайдаланушының Сервисті пайдалануына және Агентпен өзара іс-қимыл жасауына арналған Сервистің арнайы бөлімі. Оған қол жеткізу Пайдаланушыға Тіркелуден және Авторизациядан өткеннен кейін беріледі.
Байланыс орталығы – Пайдаланушыларға ақпараттық қолдау көрсететін орталық. Қолдау қызметіне жүгіну үшін Пайдаланушы 160 нөміріне қоңырау шалуы немесе tvplus@telecomkz электрондық поштасына хат жолдауы қажет.
Қосымша – Агентке тиесілі «TV+ KAZAKHTELECOM» және «TV+» тауар белгілерімен ұсынылатын мультимедиялық қосымша. Ол Пайдаланушыларға Аумақ шегінде Желі арқылы телевизиялық арналарды, фильмдерді, сериалдарды және өзге де Бейнеконтентті көруге арналған кең ауқымды Контентке қол жеткізу мүмкіндігін береді.
Тіркелу – Пайдаланушының мобильді телефон нөмірін көрсете отырып, Сервистегі тіркеу нысанын толтыру және/немесе жіберу арқылы Есептік жазба құру процесі. Көрсетілген мобильді телефон нөміріне растау коды бар хабарлама жіберіледі, оны Тіркелуді аяқтау үшін енгізу қажет.
Платформа – Агенттің Пайдаланушыларға Сервисті ұсынуды қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық құралдарының және технологиялық шешімдерінің жиынтығы.
2.КЕЛІСІМНІҢ МӘНІ ЖӘНЕ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2.1. Оператор Пайдаланушыға Сервисті ұсынады, ал Пайдаланушы осы Келісімде белгіленген талаптар мен тәртіпке сәйкес Сервисті қабылдайды және оның ақысын төлейді. Сервис Оператор бекіткен және Пайдаланушы дербес таңдаған тарифтерге сәйкес көрсетіледі.
2.2. Осы Келісім Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қосылу шарты болып табылады. Келісімнің талаптарын Оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына және Лицензияға сәйкес дербес белгілейді және Пайдаланушы оларды тек осы Келісімге тұтастай қосылу арқылы ғана қабылдай алады. Пайдаланушы Келісімнің талаптарымен келіспеген жағдайда, ол порталдағы жеке кабинет арқылы
https://tv.telecom.kz/ мекенжайында немесе Сервисті ұсынуға арналған Қосымшаның интерфейсі арқылы Автоматты ұзартуды өшіру, сондай-ақ Сервисті/Тарифтік жоспарды/Қосымша жазылымды тоқтатудың өзге де тәсілдерін пайдалану арқылы Шартты бұзуға құқылы.
2.3. Пайдаланушы осы Келісімде көрсетілген талаптарды орындауға бағытталған әрекеттерді жасаған сәттен бастап, осы Келісімге қосылған болып есептеледі.
2.4. Осы Келісім Агенттің tv.telecom.kz интернет-ресурсында (бұдан әрі – Ресми сайт) міндетті түрде жариялануға тиіс. Оператор Келісімге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу құқығын өзіне қалдырады. Бұл ретте Келісімнің өзгертілген редакциясы Агенттің Ресми сайтында Интернет желісінде жарияланған сәттен бастап Пайдаланушы тиісті түрде хабардар етілді деп есептеледі. Оператор Пайдаланушыларға Келісімнің талаптарына енгізілген өзгерістерді және/немесе толықтыруларды тұрақты түрде тексеріп отыруды ұсынады. Келісімге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілгеннен кейін Сервисті пайдалануды жалғастыру Пайдаланушының осындай өзгерістермен және/немесе толықтырулармен келісетінін білдіреді.
2.5. Осы Шарт бойынша Оператор көрсететін Сервиске, сондай-ақ Пайдаланушының өз еркімен қосылатын Қосымша жазылымға Оператордың ақылы қол жеткізуді қамтамасыз етуі де кіруі мүмкін. Пайдаланушы алатын Қосымша жазылым Сервистің Тарифтік жоспарының құнына кірмейді және оны Пайдаланушы Қосымша жазылымның тиісті өнімдері бойынша Операторда қолданыста болатын баға прейскурантына сәйкес, оларды пайдалану сәтінде жеке төлейді.
2.6. Сервисте Тіркелуді жүзеге асыра отырып, Пайдаланушы Сервиске қатысты ұйымдастырушылық-техникалық немесе өзге де ақпаратты, сондай-ақ Оператордың және/немесе Агенттің ақпараттық материалдарын, жаңа Контенттің орналастырылғаны, тақырыптық Контент топтамалары, арнайы ұсыныстардың пайда болуы, акциялардың өткізілуі және Сервиске қатысты өзге де ақпаратты қамтитын хабарламаларды және телефон қоңырауларын алуға келісім береді.
2.7. Сервистің Қосымша жазылымын қосуды Пайдаланушы Сервистің интерфейсі арқылы дербес жүзеге асырады.
3.ПАЙДАЛАНУШЫНЫҢ ЕСЕПТІК ЖАЗБАСЫ
3.1. Сервисте Тіркелгеннен кейін Пайдаланушы өзінің Есептік жазбасына қол жеткізу мүмкіндігін алады. 3.2. Есептік жазба арқылы Пайдаланушы:
3.2.1. өзінің Тарифтік жоспарларының және/немесе Қосымша жазылымының қолданылу мерзімін, төлем мерзімдерін, сондай-ақ төлемдер мен Контентті қарау тарихын бақылай алады;
3.2.2. байланыстырылған банк картасының нөмірінің соңғы төрт цифры көрсетілген «маскасын» көрсету арқылы оның дұрыстығын тексере алады;
3.2.3. Тарифтік жоспардың және/немесе Қосымша жазылымның келесі төлемі есептен шығарылатын күн туралы ақпаратты нақтылай алады;
3.2.4. осы Келісімде көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асыра алады.
4.ТАРИФТІК ЖОСПАР
4.1. Тарифтік жоспар Пайдаланушыға оның ақысын төлегеннен кейін және/немесе Сервиске Авторизациядан өткеннен кейін ұсынылады.
4.2. Пайдаланушы мен Оператор осы Келісімнің талаптарына сәйкес Контентке және ақылы ТВ-арналарға қол жеткізу Пайдаланушы Тарифтік жоспардың ақысын төлеген және/немесе оны рәсімдеген, және/немесе Сынақ кезеңін рәсімдеген, және/немесе Қосымша жазылымды рәсімдеген сәттен бастап ұсынылған болып есептелетінін растайды және келіседі. Бейнеконтентке және ақылы ТВ-арналарға қол жеткізуді Оператор
Пайдаланушының Контентке берілген қолжетімділікті нақты пайдаланған-пайдаланбағанына қарамастан, тиісінше және толық көлемде ұсынған болып есептеледі.
4.3. Пайдаланушы таңдаған Тарифтік жоспардың немесе Қосымша жазылымның ақысы төленбеген жағдайда, ақылы ТВ-арналар мен Бейнеконтент Пайдаланушы үшін қолжетімсіз болады.
4.4. Тарифтік жоспардың, Сынақ кезеңінің немесе Қосымша жазылымның ақысын төлей отырып және/немесе оларды рәсімдей отырып, Пайдаланушы өзі пайдаланатын құрылғылар мен бағдарламалық қамтамасыз етудің техникалық сипаттамалары Контентті қарау үшін қажетті техникалық талаптарға сәйкес келетінін растайды.
4.5. Егер Пайдаланушының құрылғысы осы Келісімнің 12.1-тармағына сәйкес Бейнеконтент пен ТВ-арналардың пішімін қолдамаса, Оператор Пайдаланушыға төленген Тарифтік жоспардың немесе Қосымша жазылымның құнын өтеуге байланысты қандай да бір міндеттемелерді көтермейді.
5.ТӨЛЕМ
5.1. Сервистің Тарифтік жоспарларының және Қосымша жазылымының құны мен талаптары Сервистегі Тарифтік жоспарды және Қосымша жазылымды рәсімдеу экрандарында, сондай-ақ iOS және Android операциялық жүйелеріне арналған мобильді қосымшаларда көрсетіледі. Сонымен қатар, Пайдаланушы Сервистегі өзінің Есептік жазбасындағы «Жеке кабинет/Жазылымдар» бөлімінен Тарифтік жоспардың, Қосымша жазылымның құны және оларды ұсыну талаптары туралы ақпаратты қарай алады.
5.2. Оператор/Агент мобильді қосымшалар дүкендері (мысалы, Apple App Store, Google Play) жүзеге асыратын ақшалай қаражатты есептен шығару, Сервистің Тарифтік жоспарын, Қосымша жазылымын немесе Сынақ кезеңін жою және/немесе өзгерту үшін Пайдаланушы алдында жауапты болмайды.
5.3. Тарифтік жоспардың және/немесе Қосымша жазылымның келесі төлемі есептен шығарылатын күн туралы ақпарат Сервистегі Пайдаланушының Есептік жазбасындағы «Жеке кабинет/Жазылымдар» бөлімінде көрсетіледі.
5.4. Осы Келісім шеңберінде Пайдаланушылардың Сервис үшін жүзеге асыратын барлық төлемдері Агенттің банктік деректемелері бойынша Агенттің пайдасына жүргізіледі және қолданыстағы барлық салықтарды қамтиды.
5.5. Осы Келісім шеңберінде Пайдаланушылардан төлемдерді қабылдау «TipTop Pay Kazakhstan» ЖШС-нің (бұдан әрі – төлем операторы) жәрдемдесуімен жүзеге асырылады (БСН: 160240029779, заңды мекенжайы: 050022, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Шевченко көшесі, 90-үй, 113-кеңсе).
5.6. Агент Пайдаланушыға төлем жасаудың келесі тәсілдерін ұсынады:
- халықаралық төлем жүйелерінің банк карталары арқылы (банк картасының нөмірі 16 таңбадан тұруы тиіс екеніне назар аударыңыз);
- https://tv.telecom.kz/ сайтындағы «FAQ» бөлімінде көрсетілген өзге де тәсілдер арқылы.
5.7. Агент өзіне байланысты емес себептер бойынша, оның ішінде төлем жүйелерінің, төлем шлюздерінің, банктердің және төлем процесіне қатысатын өзге де тұлғалардың жұмысындағы іркілістер салдарынан ақшалай қаражаттың түспеуі немесе кешіктіріліп түсуі үшін жауапты болмайды.
5.8. Осы Келісім шеңберінде Пайдаланушының Сервис үшін ақы төлеу жөніндегі міндеттемесі Агент төлем операторынан және/немесе төлемдерді өңдеу мақсатында Агент тартқан өзге тұлғадан тиісті растауды алған сәттен бастап орындалған болып есептеледі.
5.9. Банк картасының деректерінің түпнұсқалығы эмитент-банкпен сәтті тексерілгеннен кейін, Пайдаланушының банк картасы Сервистегі Есептік жазбаға байланыстырылған болып есептеледі. Банк картасының түпнұсқалығын тексеру кезінде резервтелген соманы бұғаттан шығару эмитент-банк айқындайтын мерзімдерде жүзеге асырылады және Операторға және/немесе төлем операторына байланысты болмайды. Осы Келісімге сәйкес
банк картасын Сервистегі Есептік жазбаға байланыстыра отырып, Пайдаланушы байланыстырылған банк картасының деректері төлем провайдерлерінің жағында сақталатын және кейіннен 3-D Secure арқылы авторизациясыз әрі CVV/CVC кодын енгізусіз төлемдерді жүзеге асыру үшін пайдаланылатын банк картасымен төлем жүргізу технологиясын толық қабылдайды.
5.10. Банк картасы жоғалған немесе ауыстырылған жағдайда және Сервисті пайдалануды жалғастыру ниеті болған кезде, Пайдаланушы жаңа банк картасының верификациясынан өтуге міндетті. Пайдаланушының банк картасының жоғалғаны туралы Агенттің электрондық пошта мекенжайына келіп түскен өтініші жоғалған банк картасы бойынша Тарифтік жоспардың Автоматты ұзартуы операцияларын тоқтата тұруға негіз болып табылады.
5.11. Егер Сервис қызметтерін пайдаланудың төленген соңғы күні Пайдаланушының Есептік жазбасына байланыстырылған банк картасында Сервистің белгілі бір қызметтерін келесі мерзімге төлеуге жеткілікті қаражат болмаса, Агент төленген мерзімнің соңғы күнінен кейінгі күннен бастап Сервисті тоқтата тұруға құқылы.
5.12. Төлем операторының, сондай-ақ Сервис қызметтеріне ақы төлеу процесіне қатысатын өзге тұлғалардың комиссиясын Пайдаланушы дербес және өз қаражаты есебінен төлейді.
5.13. Осы Келісімге сәйкес Пайдаланушының Агенттің пайдасына жүзеге асыратын барлық төлемдері Интернет қызметінің немесе деректер трафигінің құнын қамтымайды. Пайдаланушының интернет-провайдері немесе мобильді байланыс операторы өз тарифтеріне сәйкес деректер трафигінің көлемі үшін қосымша ақы алуы мүмкін.
5.14. Сервистің құнына Оператор Келісімге өзгерістер енгізу арқылы өзгеріс енгізуге құқылы. Пайдаланушы Сервистің өзекті құнын өзінің Есептік жазбасының баптауларынан, сондай-ақ iOS және Android операциялық жүйелеріне арналған Сервистің мобильді қосымшаларынан көре алады. Сервистің құны туралы ақпаратпен Пайдаланушы осы Келісімнің 5.1-тармағында көзделген тәртіппен таныса алады.
5.15. Ақшалай қаражатты қайтару Пайдаланушы Сервисте Тіркелгеннен кейін Контенттің Аумақтан тыс жерде қолжетімсіз болған жағдайларда жүзеге асырылады. Пайдаланушы Сервисті нақты пайдаланғаны үшін төленген ақшалай қаражатты қайтару мақсатында Сервистің Қолдау қызметіне жүгіне алады.
5.16. Агент:
- өзінің дерекқорында Пайдаланушының Сервис үшін төлем жасау операциясының болуын талдайды, сондай-ақ оны жою мүмкіндігін растайды;
- тексеру сәтті өткен және Сервис қызметтері үшін төлем жасау операциясын жою мүмкіндігі расталған жағдайда, қайтару операциясын жүзеге асыру үшін қажетті деректерді қалыптастырады және ақшалай қаражатты тікелей Пайдаланушыға қайтару мақсатында оларды төлем операторына жібереді
6.АВТОМАТТЫ ҰЗАРТУ
6.1. Сервистің Автоматты ұзартуы Пайдаланушының Есептік жазбасына байланыстырылған банк картасынан, банктің және/немесе төлем жүйесінің қағидалары мен талаптарына сәйкес, мұндай банк картасында жеткілікті қаражат болған жағдайда ақшалай қаражатты автоматты түрде есептен шығару арқылы жүзеге асырылады.
6.2. Пайдаланушы Сервис қызметтерін рәсімдеу кезінде Сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін (осы Келісімнің 7-бөлімі) өзінің банк картасынан қызмет көрсетуші банк тарапынан ақшалай қаражаттың шарттық негізде есептен шығарылуына келісім береді.
6.3. Егер автоматты түрде есептен шығару сәтінде Пайдаланушының банк картасында жеткілікті қаражат болмаса, мұндай автоматты есептен шығару алғашқы әрекет жасалған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде қаражат сәтті есептен шығарылғанға дейін қайта жүзеге асырылуы мүмкін.
6.4. Пайдаланушы кез келген уақытта https://tv.telecom.kz/ мекенжайындағы жеке кабинет арқылы өзінің Есептік жазбасының баптауларында Автоматты ұзартуды өшіре алады.
6.5. Контентке iTunes арқылы қол жеткізілген жағдайда, Сервис қызметтерінен бас тарту талаптары https://support.apple.com/ru-ru/HT202039 мекенжайында қолданылады. Контентке Google Play арқылы қол жеткізілген жағдайда, Сервис қызметтерінен бас тарту талаптары https://support.google.com/googleplay/answer/2476088?co=GENIE.Platform%3Dandroid&hl=ru мекенжайында қолданылады.
7.СЫНАҚ МЕРЗІМДЕРІ ЖӘНЕ ЖАРНАМАЛЫҚ АКЦИЯЛАР
7.1. Оператор Пайдаланушыларға Сынақ кезеңін ұсынуға құқылы. Пайдаланушыға қолжетімді Контенттің көлемін және Сынақ кезеңінің ұзақтығын Оператор дербес айқындайды. Сынақ кезеңінің нақты мерзімі рәсімдеу экранында көрсетіледі.
7.2. Маркетингтік іс-шараларды (жарнамалық акцияларды және т.б.) өткізу шеңберінде Оператор Пайдаланушыға осындай іс-шараларды өткізу кезеңіне Сервиске Сынақ кезеңін ұсынуға құқылы. Бұл ретте Оператор осындай іс-шаралар шеңберінде қолжетімді болатын Контенттің көлемін, сондай-ақ Пайдаланушының мұндай қолжетімділікті алуына қатысты өзге де талаптарды дербес айқындайды.
7.3. Сервистің Сынақ кезеңін алған және рәсімдеген кезде Пайдаланушы өзінің банк картасын Сервистегі Есептік жазбаға байланыстырады және Сервистегі Автоматты ұзарту қызметіне автоматты түрде қосылады.
7.4. Сервисті көрсету шеңберінде жарнамалық акциялар өткізілген жағдайда, Сервис қызметтерінің құны өзгертілуі мүмкін.
7.5. Жарнамалық акцияға сәйкес Сервис қызметтерінің құны тек осындай жарнамалық акцияның қолданылу мерзімі ішінде ғана сақталады.
7.6. Жарнамалық акцияның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Сервис қызметтерінің құны осы Келісімнің 5.1-тармағына сәйкес Сервис қызметтерін рәсімдеу экрандарында көрсетілген құн бойынша айқындалады.
7.7. Егер Пайдаланушы Автоматты ұзартуды өшірмесе, жарнамалық акцияның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Сервис қызметтері үшін ақшалай қаражат осы Келісімнің 5.1-тармағына сәйкес Тарифтік жоспарды рәсімдеу экрандарында көрсетілген бағалар бойынша есептен шығарылады.
7.8. Белгілі бір жарнамалық акцияның талаптарында Пайдаланушының қолданыстағы банк картасының деректерін міндетті түрде көрсетуі көзделуі мүмкін.
8.КЕЛІСІМНІҢ КҮШІНЕ ЕНУІ ЖӘНЕ ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМІ
8.1. Осы Келісім Агенттің Ресми сайтында жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң немесе Сервисте Тіркелген күннен бастап (жаңа Пайдаланушылар үшін) күшіне енеді және Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Келісімде көзделген тәртіппен бұзылғанға дейін қолданылады.
8.2. Егер Пайдаланушы осы Келісімнің талаптарын және/немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын бұзса, Оператор Келісімді біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
8.3. Оператор Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын және осы Келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып, Келісімнің өзгертілген және/немесе толықтырылған редакциясын Агенттің Ресми сайтында осындай өзгерістердің және/немесе толықтырулардың күшіне ену күніне дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын орналастыру арқылы Келісімге біржақты тәртіппен өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуге құқылы. Пайдаланушы енгізілген өзгерістермен және/немесе толықтырулармен келіспеген жағдайда, https://tv.telecom.kz/ порталындағы жеке кабинет арқылы немесе Сервисті ұсынуға арналған Қосымшаның интерфейсі арқылы Автоматты ұзартуды өшіру,
сондай-ақ Сервисті/Тарифтік жоспарды/Қосымша жазылымды тоқтатудың өзге де тәсілдерін пайдалану арқылы осы Келісімнен бас тартуға құқылы. Тарифтік жоспардың және/немесе Қосымша жазылымның қолданыстағы және/немесе жаңартылған құны Сервистегі Тарифтік жоспарды және Қосымша жазылымды рәсімдеу экрандарында, Пайдаланушының профилі (Есептік жазбасы) баптауларында, сондай-ақ iOS және Android операциялық жүйелеріне арналған Сервистің мобильді қосымшаларында көрсетіледі.
9.ТАРАПТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
9.1. Пайдаланушының құқықтары:
9.1.1. Пайдаланушы Сервисті ұсыну үшін пайдаланылатын https://tv.telecom.kz/ порталындағы жеке кабинет арқылы Автоматты ұзартуды өшіру арқылы оны кез келген уақытта тоқтатуға құқылы.
9.1.2. Осы Келісімнің талаптарына сәйкес тиісті сападағы Сервис қызметтерін алуға құқылы.
9.2. Пайдаланушының міндеттері:
9.2.1. осы Келісімнің талаптарын сақтауға;
9.2.2. осы Келісімге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасының және халықаралық құқық нормаларының талаптарын, сондай-ақ Агенттің, Оператордың және Контентке құқық иеленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
9.2.3. өзінің авторизациялау және аутентификациялау деректерін үшінші тұлғаларға жария етпеуге, сондай-ақ өзінің ресурстарын үшінші тұлғалардың оларды заңсыз пайдалануына жол бермейтіндей етіп тиісті түрде баптау жөнінде қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Деректердің рұқсатсыз пайдаланылғаны анықталған жағдайда, бұл туралы http://www.telecom.kz сайтында көрсетілген Агенттің байланыс телефондары арқылы дереу хабарлауға;
9.2.4. Сервиске, Есептік жазбаға және (немесе) Сервистің баптауларына үшінші тұлғаларға (оның ішінде отбасы мүшелеріне және өзге де тұлғаларға) қол жеткізу мүмкіндігін берген жағдайда, мұндай тұлғалардың Сервисті пайдалану шеңберінде жасаған барлық әрекеттері, оның ішінде жазылымдарды рәсімдеу, сатып алулар жасау және өзге де операциялар үшін, оларды Пайдаланушы өзі жасағандай толық жауапты болуға;
9.2.5. Сервис Контентін (толықтай немесе оның бір бөлігін) материалдық жеткізгіштерге көшіруге, көбейтуге, жазуға немесе қайта шығаруға бағытталған кез келген әрекеттерден бас тартуға. Пайдаланушы Контентті (толықтай немесе оның бір бөлігін) осы Келісімде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, таратуға, үшінші тұлғаларға беруге немесе өзге тәсілмен пайдалануға құқылы емес;
9.2.6. Агенттің Ресми сайтында және https://tv.telecom.kz/ порталындағы жеке кабинет арқылы Оператордың және/немесе Агенттің Келісімге енгізілген өзгерістер және/немесе толықтырулар туралы хабарламаларының, сондай-ақ тарифтердің, пакеттердегі ТВ-арналардың тізбесі мен санының, қосымша арналар пакеттері мен Қосымша жазылым өнімдерінің өзгеруі туралы ақпараттың бар-жоғын тұрақты түрде өз бетінше тексеруге;
9.2.7. өзі иесі болып табылатын және банк пен Пайдаланушы арасында тиісті шарт жасалған банк картасын пайдалануға. Егер Пайдаланушы басқа тұлғаның банк картасын қасақана пайдаланса, онда ол өзінің осындай әрекеттерінің нәтижесінде аталған картаның заңды иесіне келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиян үшін толық жауапты болады;
9.2.8. Сервисті Операторға, Агентке және/немесе үшінші тұлғаларға зиян келтіретіндей, басқа Пайдаланушылардың Сервисті пайдалануына кедергі келтіретіндей немесе Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзатын тәсілмен пайдаланбауға, сондай-ақ алынған Контентті және оның құрамдас бөліктерін коммерциялық мақсатта немесе көпшілік алдында көрсету және/немесе жалпыға қолжетімді ету мақсатында пайдаланбауға;
9.2.9. Сервисті пайдалану кезінде Оператордың және/немесе Агенттің және/немесе олардың Пайдаланушыларының қызметіне зиян және/немесе залал келтірілген жағдайда,
келтірілген залалды өтеуге, сондай-ақ Пайдаланушының осындай әрекеттеріне байланысты Операторға және/немесе Агентке қойылған талаптар мен/немесе талап-арыздарды өз бетінше және өз қаражаты есебінен шешуге;
9.2.10. өзінің юрисдикциясында кәмелетке толмаған жеке тұлға осы Келісімнің Акцептін жасаудан бас тартуға міндетті. Пайдаланушының Сервиске қол жеткізуі кезінде Оператор оның жасын тексере алмайтындықтан, тиісті Контентке қол жеткізу мүмкіндігі үшін Пайдаланушы алдында жауапты болмайды.
9.3. Оператордың құқықтары:
9.3.1. Оператор жоспарлы және/немесе жоспардан тыс профилактикалық және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Сервис қызметтерін көрсетуді алдын ала ескертусіз толық немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы.
9.3.2. Осы Келісімді орындау, Сервис қызметтерін көрсету, ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Пайдаланушылардың дербес деректерін, оның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жинауды, өңдеуді, сақтауды және беруді жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті органға беру мақсатында Пайдаланушы туралы қызметтік ақпаратты жинауға және өңдеуге құқылы.
9.3.3. Егер Пайдаланушының әрекеттері осы Келісімнің және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзса, Оператор Пайдаланушының жекелеген әрекеттеріне толық немесе ішінара шектеу қоюға құқылы.
9.3.4. Пайдаланушы осы Келісімнің талаптарын бұзған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге жағдайларда, Оператор алдын ала ескертусіз Сервис қызметтерін көрсетуді тоқтата тұруға құқылы. Пайдаланушы анықталған бұзушылықтарды жойған жағдайда Сервис қызметтерін көрсету қайта басталады.
9.3.5. Оператор Сервистің кез келген бөлімінде жарнамалық және/немесе өзге де ақпаратты орналастыруға құқылы.
9.3.6. Оператор осы Келісімнің қолданылу кезеңінде Сервистің Тарифтік жоспарларының және/немесе Қосымша жазылымының талаптарын өзгертуге құқылы. Бұл ретте, егер Оператор Сервистің Тарифтік жоспарының және/немесе Қосымша жазылымының Контент құрамын (ТВ-арналар пакеттерінің және/немесе Бейнеконтенттің құрамын), олардың толтырылуын, сондай-ақ Тарифтік жоспардың және/немесе Қосымша жазылымның құнын өзгертсе, Агент мұндай өзгерістер күшіне енгенге дейін кемінде күнтізбелік 10 (он) күн бұрын Агенттің Ресми сайтында тиісті хабарламаны жариялау арқылы Пайдаланушыларды хабардар етеді. Хабарлама Пайдаланушыға Агенттің Ресми сайтында жарияланған күннен бастап жеткізілген болып есептеледі. Егер Пайдаланушы Сервистің/Тарифтік жоспардың/Қосымша жазылымның тарифіне енгізілген өзгерістермен келіспесе, ол https://tv.telecom.kz/ порталындағы жеке кабинет арқылы немесе Сервисті ұсынуға арналған Қосымшаның интерфейсі арқылы Автоматты ұзартуды өшіру, сондай-ақ Сервисті/Тарифтік жоспарды/Қосымша жазылымды тоқтатудың өзге де тәсілдерін пайдалану арқылы Сервистен/Тарифтік жоспардан/Қосымша жазылымнан бас тартуға құқылы. Тарифтік жоспардың және/немесе Қосымша жазылымның қолданыстағы және/немесе жаңартылған құны Сервистегі Тарифтік жоспарды және Қосымша жазылымды рәсімдеу экрандарында, Пайдаланушының профилі (Есептік жазбасы) баптауларында, сондай-ақ iOS және Android операциялық жүйелеріне арналған Сервистің мобильді қосымшаларында көрсетіледі.
9.3.7. Оператор Сервиске, онда орналастырылған Контентке, ТВ-арналарға, Бейнеконтентке рұқсатсыз қол жеткізуге жол бермеу, Сервистің жұмысын тұрақсыздандырудың, сондай-ақ Оператордың және/немесе Контентке құқық иеленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын өзге де әрекеттердің алдын алу мақсатында заңнамада тыйым салынбаған кез келген шараларды қолдануға құқылы.
9.3.8. Оператор Пайдаланушылар үшін Сервис қызметтеріне қатысты адалдық бағдарламаларын, жарнамалық акцияларды және ынталандыру ұсыныстарын енгізуге құқылы. Мұндай бағдарламалар мен ұсыныстар туралы толық ақпаратпен Сервистің интерфейсі және/немесе Пайдаланушының Есептік жазбасы арқылы танысуға болады.
9.3.9. Оператор Пайдаланушыны алдын ала хабардар етпестен кез келген уақытта өз қалауы бойынша адалдық бағдарламаларының талаптарын, Сервиске қол жеткізу талаптарын және өзге де шарттарды өзгертуге және толықтыруға құқылы.
9.3.10. Оператор осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін Пайдаланушының келісімін алмай-ақ кез келген үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.
10.ОПЕРАТОРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ШЕКТЕУ
10.1. Оператор төмендегілер үшін жауапкершіліктен босатылады:
- Пайдаланушының Сервисті пайдалану кезінде дұрыс емес және келісілмеген әрекеттерінің салдарынан келтірілген моральдық және материалдық зиян үшін;
- Пайдаланушының кездейсоқ немесе жанама зиянмен байланысты ықтимал шығындары, оның ішінде Сервисті пайдалану барысында туындаған материалдық шығындар, сондай-ақ үшінші тұлғалардың Пайдаланушының Есептік жазбасын пайдалану арқылы Сервиске қол жеткізуі нәтижесінде туындаған шығындар үшін. Оператор/Агент үшінші тұлғаның Сервистегі Есептік жазбаны рұқсатсыз пайдалануына байланысты Пайдаланушы мен кез келген үшінші тұлға арасында туындауы мүмкін кез келген дау-дамайға немесе жанжалға қатысудан босатылады. Егер үшінші тұлғалар Операторға Пайдаланушының Сервисті пайдалануына байланысты талаптар қойса, Пайдаланушы мұндай талаптарды өз күшімен және өз қаражаты есебінен реттеуге, сондай-ақ Операторды ықтимал шығындар мен сот талқылауларынан қорғауға міндеттенеді.
10.2. Оператор Контенттің, оның құрамдас бөліктерінің, жекелеген телебағдарламалардың және олардың құрамдас бөліктерінің мазмұны, хабар тарату кестесінің өзгеруі немесе телебағдарламалардың көрсетілуінің тоқтатылуы үшін жауапты болмайды, өйткені Оператор Контенттің жасаушысы болып табылмайды және Контент құрамына кіретін телевизиялық арналардың және/немесе телебағдарламалардың мазмұнына араласуға құқылы емес.
10.3. Оператор жасына байланысты шектеулер белгіленген Сервис Контентін көруге тиісті жасқа толмаған тұлғалардың қол жеткізуі үшін жауапты болмайды.
10.4. Оператор төмендегі жағдайлардың салдарынан туындаған Пайдаланушының кез келген тікелей және/немесе жанама шығындары үшін жауапты болмайды:
- кез келген үшінші тұлғаның Пайдаланушының құрылғысына қол жеткізуі және оны пайдалануы;
- кез келген үшінші тұлғаның Пайдаланушының Есептік жазбасы арқылы Сервиске қол жеткізуі және оны пайдалануы;
- Сервистегі кез келген үшінші тұлғаның мәлімдемелері немесе әрекеттері.
10.5. Оператор Контенттің Пайдаланушының күткен нәтижелеріне сәйкес келетініне кепілдік бермейді және Сервисті пайдалануға байланысты туындаған тікелей немесе жанама шығындар үшін жауапты болмайды.
11.ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
11.1. Осы Келісім бойынша қабылданған міндеттемелерді орындамағаны және/немесе тиісінше орындамағаны үшін Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Келісімнің талаптарына сәйкес жауапты болады.
11.2. Пайдаланушы Оператордың және (немесе) Агенттің алдында төмендегілер үшін жауапты болады:
- Сервистегі Есептік жазбаның сақталуы және оны рұқсатсыз пайдалану салдарынан туындауы мүмкін шығындар үшін.
11.3. Егер Пайдаланушы осы Келісімнің талаптарын бұзуы Оператор және/немесе Агент үшін қолайсыз салдарға әкелсе, егер осы Келісімнің талаптарында өзгеше көзделмесе, Пайдаланушы Оператордың және/немесе Агенттің есептеулері мен құжаттамасында айқындалған мөлшерде келтірілген залалды өз күшімен және өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.
11.4. Егер осы Келісім бойынша міндеттемелердің толық немесе ішінара орындалмауы Келісім жасалғаннан кейін туындаған еңсерілмейтін күш мән-жайларының салдарынан орын алса және мұндай мән-жайлар төтенше сипаттағы оқиғалардың (соғыс, эпидемиялар, авариялар, өрттер, жер сілкіністері, су тасқындары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерді қабылдауы) нәтижесінде туындап, Тараптар оларды алдын ала болжай алмаса немесе ақылға қонымды шаралармен болдырмай алмаса, Тараптар осы Келісім бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады
12.ТЕХНИКАЛЫҚ ТАЛАПТАР
12.1. Пайдаланушының құрылғылары мен бағдарламалық қамтамасыз етуі https://tv.telecom.kz/ сайтындағы «FAQ» бөлімінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
12.2. Контентті қарау сапасы және тұтастай алғанда Сервистің жұмыс сапасы Интернет желісінің жылдамдығына және өзге де факторларға, оның ішінде Пайдаланушы пайдаланатын құрылғының моделіне байланысты болады.
12.3. Оператор Сервистің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін өзіне байланысты барлық қажетті шараларды қабылдайды, алайда оның жұмысындағы үзілістер (оның ішінде авариялық және профилактикалық жұмыстар), деректерді, оның ішінде Интернет арқылы жеткізудің жеткіліксіз сапасы немесе жылдамдығы, Сервисте орналастырылған Пайдаланушының кез келген деректерінің толық немесе ішінара жоғалуы, сондай-ақ Сервисті пайдалану кезінде туындаған немесе туындауы мүмкін Пайдаланушының өзге де кез келген шығындары үшін жауапты болмайды.
13.ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК
13.1. Сервисте пайдаланылатын және орналастырылған зияткерлік қызметтің барлық нәтижелері (оның ішінде Сервистің визуалды безендіру элементтері, символикасы, мәтіндер, графикалық кескіндер, иллюстрациялар, фотосуреттер, бейнематериалдар, бағдарламалар, музыкалық шығармалар және өзге де объектілер), сондай-ақ Сервистің өзі олардың заңды құқық иеленушілерінің зияткерлік меншігі болып табылады және Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік туралы заңнамасына, сондай-ақ тиісті халықаралық шарттарға сәйкес қорғалады.
13.2. Сервисте орналастырылған зияткерлік қызмет нәтижелеріне қол жеткізу Оператор тарапынан Пайдаланушыға олармен тек Сервис арқылы танысу мақсатында, жеке коммерциялық емес пайдалану үшін ғана беріледі. Бұл ретте Пайдаланушының аталған зияткерлік қызмет нәтижелерін өз құрылғыларының жадына көшіруге, сондай-ақ осы Келісімде көзделмеген өзге де тәсілдермен пайдалануға, оның ішінде оларды сатуға, өзгертуге, толық немесе ішінара таратуға, жалпы жұртшылықтың назарына жеткізуге және/немесе көпшілік алдында орындауға және басқа да әрекеттерді жасауға құқығы жоқ.
13.3. Контентті көруге қол жеткізу мақсатында осы Келісімде көзделген техникалық қорғау құралдарын айналып өтуге бағытталған Пайдаланушының кез келген әрекеті авторлық құқықты бұзу болып табылады және мұндай әрекеттер үшін Пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында және халықаралық құқық нормаларында көзделген жауапкершілікті дербес көтереді.
13.4. Егер Сервисте ұсынылған Контент немесе өзге де ақпарат жалпы жұртшылықтың назарына жеткізілсе және/немесе көпшілік алдында орындалса (мысалы, ойын-сауық орындарында немесе демалыс орындарында), мұндай көпшілік алдында орындауды және
жалпы жұртшылықтың назарына жеткізуді ұйымдастырушылар жауапкершілікті өздері көтереді және құқық иеленушілердің және/немесе үшінші тұлғалардың осындай пайдалануға байланысты талаптарын өз бетінше реттейді.
13.5. Сервисте орналастырылған зияткерлік қызмет нәтижелерін Оператордың немесе тиісті зияткерлік қызмет нәтижелерінің заңды құқық иеленушісінің рұқсатынсыз кез келген пайдалану заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес сот талқылауына және құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартуға негіз болуы мүмкін.
14.КЕЛІСІМНІҢ ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМІ
14.1. Осы Келісім Ресми сайтта жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді және мерзімсіз қолданылады.
14.2. Осы Келісімнің қолданылуы:
- Тараптардың өзара келісімі бойынша;
- осы Келісімде көзделген жағдайларда;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.
14.3. Осы Келісім бұзылған кезде Тараптар барлық қажетті өзара есеп айырысуларды жүргізеді.
14.4. Осы Келісім бұзылған немесе оның қолданылуы тоқтатылған жағдайда, Тараптардың қаржылық міндеттемелері олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
15.ӨЗГЕ ДЕ ТАЛАПТАР
15.1. Осы Келісімнің талаптары барлық Пайдаланушыларға қолданылады. Келісім күшіне енген күннен бастап Оператор мен Пайдаланушы арасындағы барлық бұрынғы ауызша және жазбаша уағдаластықтардың күші жойылады, ал Пайдаланушыға Сервис қызметтерін көрсету талаптары тек осы Келісімнің талаптарына сәйкес айқындалады. Қолданыстағы Пайдаланушылардың өтініштерді қайта рәсімдеуі талап етілмейді. Пайдаланушы Қосымшада Тіркелу кезінде Акцепт жасау арқылы осы Келісімнің талаптарымен келісетінін растайды. Пайдаланушы Келісімнің талаптарымен келіспеген жағдайда, ол осы Келісімнің талаптарына сәйкес Сервис қызметтерінен дербес бас тартуға құқылы. Бұл ретте Сервистің пайдаланылмаған кезеңі үшін қайта есептеу жүргізілмейді.
15.2. Оператор/Агент Пайдаланушының дербес деректерінің электрондық есебін жүргізеді. Осы арқылы Пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Операторға/Агентке өндірістік қызмет шеңберінде Пайдаланушының дербес деректерін және оның Сервисті пайдалану кезіндегі әрекеттері туралы мәліметтерді жинауға, өңдеуге және пайдалануға, оның ішінде мұндай деректерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Пайдаланушының қосымша келісімінсіз уәкілетті мемлекеттік органдарға беруге, сондай-ақ осындай ақпаратты теледидар қарау көрсеткіштерін талдау мақсатында пайдалануға келісім береді.
15.3. Тараптар арасында туындауы мүмкін барлық даулар мен келіспеушіліктер міндетті түрде сотқа дейінгі тәртіппен жазбаша келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі. Дауларды бейбіт жолмен шешу мүмкін болмаған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен қаралады. Осы Келісімнен туындайтын даулар мен келіспеушіліктер Оператордың орналасқан жері бойынша сотта қаралады.
15.4. Осы Келісім қазақ және орыс тілдерінде жасалды. Осы Келісімде көзделмеген барлық өзге мәселелер бойынша Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.
15.5. Егер осы Келісімнің қандай да бір талабы толықтай немесе оның белгілі бір бөлігінде қазіргі уақытта немесе болашақта заңсыз, жарамсыз немесе қолдануға келмейтін болып танылса, мұндай талап Келісімнің қалған талаптарының заңдылығына, жарамдылығына
және қолданылуына, сондай-ақ тұтастай алғанда осы Келісімнің қолданылуына әсер етпейді.
15.6. Осы Келісімді жасай отырып, Пайдаланушы:
- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және талап етілген кезде Агенттің және/немесе Оператордың желісі арқылы жарнамалық ақпаратты алуға келісім береді;
- Оператордың осы Келісім бойынша өзінің құқықтары мен міндеттерін Пайдаланушыны қосымша хабардар етпей және оның келісімін алмай кез келген үшінші тұлғаға беруіне келісім береді;
- Ресми сайтта жарияланған осы Келісімнің қолданыстағы редакциясын басшылыққа алуға міндеттенеді.
16.ОПЕРАТОРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ
Оператордың заңды мекенжайы:
Қазақстан Республикасы, 050013, Алматы қаласы, Бұқар Жырау бульвары, 33, 9-кеңсе, БСН 070340002603
17.АГЕНТТІҢ ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ
«Қазақтелеком» АҚ Заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Сауран көшесі, 12 БСН 941240000193 23
«Қазақтелеком» АҚ филиалы - Бөлшек бизнес жөніндегі дивизион Заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 050000, Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 115-үй, 4-қабат БСН 170641020490
10.07.2026